homepage
фото: коллаж Juzmedia

СІЗ КІМСІЗ, ЧЖУ Э ХАНЫМ?

18.03.2026, 15:58

Дүние дүрлігіп тұр. Жаныққан - жаһан. Айбат шеккен АҚШ... Тағдырлы Таяу Шығыс... Иілмес Иран...  Пәкістан пәк... Ресей сүттен ақ... Еуропа сақ. Қытай қылмиып, бетіне қарасаң жымиып, бір бармағы бүгулі… «Тайванға таясаң таяқ жейсің», дегенді, ішінен күбірлеп... «Соғыссаң сорлатам», деп Солтүстік Корея да анда-санда жонарқасын жотайтып қояды. Кедей - бай, бай - Құдай, Президент - пір болғысы келеді, әйтеуір... Қазір әлем алатайдай бүлініп, ала-құла күн кешіп жатыр…

Солардың бірі - Солтүстік Корея. Әлемдегі ең жабық, тоталитарлық жүйедегі ел. Билігі Ким әулетінің мұрагерлігінде. Мемлекетті 1948 жылдан бері бір отбасы басқарып келеді. Ким Ир Сен негізін қалаушы, оның ұлы Ким Чен Ир және қазіргі басшы Ким Чен Ын. Солтүстік Кореяда ел басшылығы «Тәңір тәріздес» тұлға ретінде дәріптеледі. Олардың суреттері әр үйде, мектепте және жұмыс орнында ілулі тұруы міндет. Елде «Чучхе» және «Сонгун» идеологиялары салтанат құрған. Бұл «өзіне-өзі сену» дегенді білдіретін ресми һәм мемлекеттік идеология. Ол идея - елдің саяси, экономикалық һәм әскери тұрғыдан толық тәуелсіз болуын насихаттайды. Сонгун - «Әскер - бәрінен бұрын» деген қағиданың негізі. Бұл саясат бойынша мемлекеттің барлық ресурстары ең алдымен армияны нығайтуға және ядролық қару-жарақты дамытуға жұмсалады. Халықтың интернетке кіруіне, шетелдік телеарналарды көруіне, радиоларын тыңдауға қатаң тыйым салынған. Барлық БАҚ тек мемлекеттің сойылын соғып, үгіт-насихаттын жүргізеді. Саяси қылмыс жасағандар, иә болмаса билікке қарсы шыққандар арнайы абақтыларға қамалып, оның үш ұрпаққа дейінгі туыстары жазаланады. Яғни, кінәлі адаммен бірге оның бүкіл отбасы сотталуы мүмкін. Азаматтардың ел ішінде рұқсатсыз жүруіне немесе шетелге шығуына шектеу қойылған. Шекарадан заңсыз өтпек болғандар өлім жазасына кесіледі. Елдегі жалғыз шешуші саяси күш – Корея Еңбек партиясы. Басқа партиялар бар болғанымен, олар толықтай билікке бағынышты және тек көзбояушы, демократия көрінісін жасау үшін қызмет етеді. 

Ким Чжу Э. 44 жастағы Солтүстік Корея лидері Ким Чин Ынның 13 жасар қызы. Жақында ақпарат беттерінде екеуінің фотолары жарық көріп, айдай әлемге жария болғаны сол-ақ екен, Батыс Еуропаның ірі медиа холдингтері Ким Чжу Эні тақ мұрагері деп, айдар тағып, ат қойып ақпарат таратты. Бұған негіз де жоқ емес. Себебі, Солтүстік Кореяның саяси жүйесі формалды түрде социалистік жүйе болғанымен, іс жүзінде династиялық жүйе. Билік 80 жылдан аса бір әулеттің қолында. Яғни, Кимдер үш буыннан бері жалғасып келе жатқан саяси әулет. Сондықтан қарапайым логикаға салсаңыз келесі басшы да Ким әулетінен шығуы тиіс. Бір қызығы Ким Чен Ынның көпбалалы әке екені айтылады. Бірақ, көпшілік алдына ашық шығып жүрген жалғыз бала осы - Ким Чжу Э. Ол кейінгі жылдары әкесімен бірге зымыран сынақтарын сынауға, әскери шерулерге, стратегиялық объектілерге бірге барып жүр. Солтүстік Кореяда балаларды жай ғана көрсете бермейді. Егер баланы көпшілік алдына шығарса, демек бір гәптің бары рас деген сөз... Оның үстіне он үш жастағы қыз бала үшін билікке араласу тым ерте емес пе деген сұрақ туындайды? Рас. Ерте екеніне ешқандай дау жоқ. Бірақ, қалыптасқан дәстүр, тергелмейтін тенденция бар. Сол себепті бұл елде тақ мұрагері ерте бастан ел алдына шығып, таныла бастайды. Сол салт бойынша Ким Чин Ир 30 жастан асқанда, ал Ким Чен Ын 20 жастан асқанда тақ мұрагері атанған. Олар да таққа келмес бұрын, ел алдына жиі шығып, бірегей тұлға болып қалыптасты…

Коммунистік диктатура тарихында бұл елде әйел затының мемлекет басшысы болуы алғаш рет тіркелуі мүмкін. Бірақ, жоғарыда атап өткеніміздей Солтүстік Кореяда жүйе идеологияға емес, әулетке негізделген. Сондықтан жоғарғы басшы не айтады, сол болады деген сөз. Енді 13 жастағы қыз алда ресми мұрагер деп жарияланса, онда оның кандидатурасы партия ішінде жабық түрде бекітіледі. Одан кейін мемлекеттік пропаганда оны төртінші буын жетекшісі ретінде насихаттай бастайды…

Бірақ, қазіргі басшының қартайып тұрмағаны тағы анық. Сонда оны не түлен түртуі мүмкін? Оған екі себеп бар. Біріншісі, егер ажал аяқастынан айтпай келсе, онда оның орнына кім келеді деген тақ таласы болуы мүмкін. Бұл - елдің тұтастығына қауіп төндіреді. Екіншісі, денсаулық мәселесі. Шын мәнінде 44 жастағы Чен Ынның кім екенін, қандай жаман және зиянды әдеттері бар екені, қанша құпия болса да жаһан жұртына әлдеқайда жария болып, жайылып кеткен. Сонда да қазір Солтүстік Кореяның жабық болғаны соншалық, 13 жастағы қыздың өзін Ким Чжу Э дегенімізбен, оның аты-жөні құжат жүзінде әлі толық расталмай отыр. Алдында ағасы, соңында бауырлары иә сіңілілерінің бар-жоғы да белгісіз. Ресми түрде мектепте оқыды ма, жоқ па, ол жағы да мүлдем беймәлім. Нақты ақпарат жоқ. Ара-кідік үйде білім алғаны айтылады. Сосын ат спортына, жүзуге, шаңғымен сырғанауға қызығады деген дерек бар. Ал бұл елде әр 5 жыл сайын партия съездері өтеді десек, келесі құрылтай мен кезекті көшбасшыны ресми түрде бекіту 2031 жылы болуы мүмкін. Ол кезде Ким Чжу Э ханым 18 жасқа толады. Яғни, балиғат жасына толады деген сөз.

Қалай десек те, дәл қазір Ким Чжу Э ханымға қатысты ресми шешім жоқ. Бірақ, символдар, протоколдар, ақпараттық инсайдттардың бәрі - бір бағытқа бет алған. Соған қарағанда Солтүстік Корея төртінші буын билігіне дайындалып жатқан сияқты. Демек, бұл да әлемдегі ең жабық саясат ұстанатын Солтүстік Кореяда билік транзиті болуы мүмкін дегенді  білдірсе керек.

БЕКӘЛІ ЖӘДІК