Астанада жалақыны дұрыс төлеуді талап еткен Elorda Eco System компаниясының кемінде 8 қызметкері әкімшілік қамауға алынды. Тағы 11 адамның ісі сотта қаралмақ, деп хабарлайды Juzmedia.kz Азаттыққа сілтеме жасап.
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның мәліметінше, 17 наурыз күні шамамен 200 қызметкер мекеме кеңсесіне барып, жалақы мен сыйақыны толық төлеуді талап еткен. Осыдан кейін полиция оларды ұстаған. Қамалғандарға “билік өкіліне бағынбау” бабы бойынша айып тағылған.
Сот шешімімен Қойшыбай Камалов, Ержан Әмзин, Ерік Дәметов және Бекболат Мұқатов 10 тәулікке қамалса, Насредин Әлібаев, Қайдар Ысқақов, Қастер Әбіләшім және Мирам Тасқынбай 5 тәулікке қамауға алынған.
Құқық қорғаушының айтуынша, алдағы уақытта тағы 11 адамға қатысты әкімшілік сот өтеді. Олардың кейбірі жұмыстан шығарылған, нақты тізім анықталып жатыр.
Бақытжан Төреғожина омбудсмен Артур Ластаев пен Бас прокуратураны бұл іске араласуға шақырды. Оның сөзінше, еңбек дауы кезінде азаматтардың құқығы бұзылмауы керек. Қамалғандардың бірінің туысы Азаттыққа жалақы мен сыйақы мәселесі бір жылдан бері шешілмей келе жатқанын айтқан. Оның сөзінше, талап қойған жұмысшыларға қысым көрсетілген. Әзірге компания тарапынан ресми түсініктеме берілген жоқ.