Израиль әскері Тегеранға жасаған әуе соққысы нәтижесінде Иранның барлау министрі Эсмаил Хатибтің қаза тапқанын жеткізді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Израиль қорғаныс армиясының мәліметінше, соққы барлау деректері негізінде дәл бағытталған.
«Сәрсенбіге қараған түні Израильдің әскери-әуе күштері барлау мәліметтеріне сүйеніп, Тегеранға дәл бағытталған соққы жасап, Иранның барлау министрі Эсмаил Хатибті өлтірді», — делінген ресми хабарламада.
Эсмаил Хатиб 2021 жылы бұл қызметке тағайындалған. БАҚ мәліметінше, ол Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеиге ең жақын тұлғалардың бірі саналған. Израиль қорғаныс министрі Израэль Кац та бұл ақпаратты растаған.
Еске салайық, 17 наурыз күні ЦАХАЛ Тегеранға жасалған әуе соққысы нәтижесінде Иран Жоғары ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әли Лариджани мен «Басидж» жасағының қолбасшысы, генерал Ғұламреза Сүлеймани қаза тапқанын хабарлаған еді. Кейін Иран президенті Масуд Пезешкиан Лариджанидің қазасын растап, кек қайтаруға уәде берген.