Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазатомөнеркәсіп» басшысы Мейіржан Жүсіповті қабылдады. Кездесу барысында компанияның өндіріс көлемі 25,8 мың тоннаға жетіп, сатылым 11 пайызға өсіп, 18,5 мың тоннаны құрағаны айтылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Компания жеткізу аумағын кеңейтіп жатыр. Еуропаның Axpo Power AG және ČEZ Group, сондай-ақ Жапонияның Kansai Electric Power компанияларымен келісімшарттар жасалған. Сонымен қатар, Үндістанға уран жеткізу бойынша ұзақ мерзімді келісім әзірленіп жатыр.
«Қазатомөнеркәсіп» геологиялық барлау бағытында да жұмысын күшейткен. Жалпы аумағы 1 мың шаршы шақырымнан асатын алты перспективалы учаске анықталған. Бұл бағытқа 2030 жылға дейін 75–85 млрд теңге инвестиция салу жоспарланып отыр.
Компания уран өндіретін өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына да қаржы бөліп отыр. 2025 жылы бұл мақсатқа 11 млрд теңге бағытталған, оның 6 млрд теңгесі келісімшарттық міндеттемелер аясында жұмсалған.