Әкімшілік рақымшылық аясында қазақстандықтардың айыппұлдары кешірілуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Амнистия аясында кейбір азаматтардың төленбеген айыппұлдары толық немесе жартылай кешірілмек. Кімге, қанша көлемде кешірілетіні кейін нақты анықталатын болады.
“Жеке тұлғалардың төленбеген айыппұлдарын толық немесе ішінара есептен шығару мәселесін қарастыру жоспарланып отыр. Мұндай азаматтардың санаты, айыппұл көлемі және оларды есептен шығару тәртібі заң жобасын әзірлеу кезінде уәкілетті орган тарапынан нақты пысықталады”, — деді министр.
Премьер-министр Олжас Бектенов ел тарихында алғаш рет қолданылатын әкімшілік рақымшылықты жүзеге асыру тетіктерін пысықтауды тапсырды. Ол үшін екі апта уақыт берілді.
«Кеше Президент жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты азаматтар мен мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін бірқатар құқық бұзушылықтар бойынша амнистия жүргізуді бастамашы етті. Айта кетейін, әкімшілік амнистия еліміздің тарихында алғаш рет қолға алынып отыр. Ішкі істер және әділет министрліктеріне Бас прокуратурамен бірлесіп, екі апта ішінде амнистияны өткізу тетігі бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырдым», — деді Бектенов.