Мәжілісте мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыруға бағытталған заң жобасы қаралды. Құжатта жалақы, жеңілдіктер және жауапкершілікке қатысты бірнеше өзгеріс ұсынылған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Енді мемлекеттік қызметкер лауазымын ауыстырмай, бір орында отырып-ақ деңгейін көтеріп, жалақысын арттыра алады. Бұл тәсіл екі жылдық сынақ ретінде мемлекеттік қызмет агенттігінде, әділет және экономика министрліктерінде, сондай-ақ Астана мен Атырау облысының әкімдіктерінде іске қосылады. Сонымен бірге олардың жалақысы кем дегенде үш жылда бір рет өсіп отыратын болады.
Әлеуметтік қолдау да күшейтілмек. Қызмет бабымен орын ауыстырғандарға тұрғын үйге байланысты төлемдер қарастырылған. Балаларын балабақшаға кезексіз орналастыру мүмкіндігі беріледі. Тұрғын үй бағдарламаларына жеңілдікпен қатысу жолы ашылады. Ең маңызды өзгерістің бірі — 25 жыл еңбек өтілі бар және марапаты бар қызметкерлерге зейнетке шыққанда бір реттік төрт айлық көлемінде төлем беру ұсынылып отыр. Сондай-ақ артық жұмыс үшін өтемақы төлеу және еңбек демалысын сақтау міндеттеледі.
Жауапкершілік жүйесіне де өзгеріс енгізілмек. Тәртіптік жаза беру тәртібі икемді болмақ. Қызметкерлерді негізсіз қысым мен айыптаудан қорғау шаралары қарастырылған. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметке кіргендерге құмар ойындарға қатысуға және кәсіппен айналысуға тыйым салынады.