Елге бүгін Ербол оралды. Ербол Хамитов. Біздің чемпион. Италиядан алтын әкелді, қоласы тағы бар. Қазақстан қысқы паралимпиадада бірден екі жүлде алып көрмеген. Италиядағы олимпиада мен паралимпиада алдында Тоқаев спортшыларды Ақордада қабылдап, Қазақстан туын тапсырғанда Хамитов алтын медальмен оралуға уәде берген еді. Сол уәдесінде тұрды. Аяғынан айырылса да, ерік-жігерінен айырылмаған Ербол Хамитов кім?
Ербол Хамитов – Павлодар қаласының тумасы, жасы 28-де. Жастайынан спортпен шұғылданған. Футбол ойнайды, кейін грэпплинг, джиу-джитсумен айналысады. Бірақ 2017 жылы Петропавлдағы түнгі клубтың бірінде жанжал шығып, екі жігіт Хамитовтың аяғынан атып кетеді. Режиссер Қанат Бейсекеевтің «Ербол» атты деректі фильмінде спортшы бұл оқиғаны былай еске алады:
«2017 жылы 30 шілдеден бері бір аяғым жоқ. Жұмыстан кейін бірге жаттығатын достарыммен бірге бардым. Сол жердегі жағдайдан жараланып, аяғымды кесуге тура келді. Жарақаттан соң берілмеймін дедім өзіме. Тірі қалғаныма шүкір дедім де спортқа қайта оралдым» дейді ол деректі фильмде.
2018 жылы Хамитов паралимпиадаға енетін спорт түрлерінен биатлонды таңдайды. Биатлонмен қатар шаңғымен жарысуды да қатар алып жүреді.
Бір-екі жылда нәтижелерін жақсартып, 2022 жылы Пекиндегі қысқы паралимпиадаға жолдама алады. 24 жасында алғашқы паралимпиадасына қатысады. 2023 жылы Швецияның Эстерсунд қаласында өткен пара шаңғыдан әлем чемпионатында спринт жарысында алтын медаль алады. Ал биыл Поклюка қаласында пара биатлоннан әлем біріншілігінде жекелей жарыста әлем чемпионы атанады.
Енді міне, ол – биатлоннан паралимпиада чемпионы атанды, шаңғы жарысынан қола жүлдеге ие болып, паралимпиада триумфаторына айналды.
Спортшыны жеңісімен Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады. Бұған қоса, елдегі бизнесмендер паралимпиада чемпионына көлік және екі бөлмелі пәтер сыйға тартатынын хабарланды. Әрі Қазақстан паралимпиадада чемпион атанған спортшыға 250 мың доллар сыйақы да береді.