homepage
Фото: ашық дереккөзден

Назарбаевты мақтаған экс-депутат Хаменованың жазасы жеңілдеді

17.03.2026, 17:01

Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың жазасы жеңілдеді. Бас бостандығынан айыру жазасы бостандығын шектеуге ауыстырылды, яғни ол түрмеге отырмайды деп хабарлайды Juzmedia.kz.

16 наурыз күні Атырау қаласының №2 соты пробация қызметінің өтінішін қарады. Бұған дейін сот оның жазасын кішкентай баласының барына байланысты 2026 жылдың 10 наурызына дейін кейінге қалдырған еді.

Сот мәліметінше, осы уақыт ішінде Хаменова заң бұзбаған, әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған және бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін мінсіз орындаған. Осыны ескерген сот пробация қызметінің өтінішін қанағаттандырды. Нәтижесінде өтелмеген жаза бостандығын шектеуге ауыстырылды. 

Еске салайық, 2022 жылғы 15 қарашада сот Хаменованы 4,5 миллион теңге пара алды деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айыруға, мүлкін тәркілеуге және өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айыруға үкім шығарған. Іс Абай Құнанбайұлына ескерткіш орнату жобасына қатысты болған. Хаменова өз кінәсін мойындаған жоқ, “менің кінәм тек Елбасыныс жақсы көргенім” деп екіұшты пікір білдірген болатын. Айта өтейік, Бақытүл Хаменова экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевты шамадан тыс мақтап, өлең арнағанымен ел есінде қалған. “Елбасындай ерен тұлға тұрғанда, мен елімнің ертеңіне сенемін” деген мақтау өлең айтқан. 

Кейін оның тойда жүрген видеосы әлеуметтік желіде тараған еді. Бас прокуратура бұл әрекетті заң бұзушылық деп танымаған, өйткені пробация кезеңінде шараларға қатысуға тыйым салынбайды.