Осыдан 5 жыл бұрын Алматы маңында болған Bek Air ұшағының апатына қатысты тергеу қайта басталуы мүмкін. Бұл туралы Мәжілісте өткен брифингте ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев мәлім етті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
МИНИСТР НЕ АЙТТЫ?
Қарабаев әуе лайнерінің апатына қатысты тергеудің аяқталғанын, бірақ әуекомпания қызметкерлерінің бірінен шағым түскенін айтты.
«Соған сәйкес тергеуді қайта бастау мәселесі процессуалдық түрде қаралып жатыр», — деді Көлік министрлігінің басшысы.
Ведомство басшысы тергеу барысын өзі қадағалап, назарда ұстайтынын айтады.
«Мұны біздің ведомствоның департаменті жасайды және бұл менің функционалдық міндеттерімнің бірі», – деді министр.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Еске салайық, 2019 жылы желтоқсанда Алматы әуежайы маңында 12 адамның өмірін қиған апат орын алған болатын. Bek Air ұшағы ұшу-қону жолағынан шығып, әуежай қоршауын бұзып өтіп, қоршаудан 9-10 метр қашықтықта орналасқан екі қабатты жеке үйге соғылған болатын.
Әуе апаты салдарынан, 12 адам қаза тауып, 49 адам зардап шекті. Ұшақ бортында 93 жолаушы мен экипаждың 5 мүшесі болған.