Режиссер Дэвид Боренштейн мен педагог Павел Таланкин түсірген «Путинге қарсы шыққан беймәлім адам» деректі фильмі «Оскар» сыйлығын жеңіп алды. Фильм Ресей мұғалімінің Украинадағы соғысқа қарсы жасырын күресін баяндайды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Туындының негізгі кейіпкері – Павел Таланкиннің өзі. Ол Ресейдің Орал өңіріндегі Қарабаш қаласындағы мектеп өмірін екі жыл бойы жасырын түсірген. Кадрларда биліктің мектеп оқушылары арасында соғыс үгітін қалай жүргізгені көрсетіледі.
Бастапқыда Таланкинге білім министрлігінің тапсырмасымен «патриоттық тәрбие» аясындағы материалдарды түсіру жүктелген. Алайда бұл жазбалар кейін Кремль насихатын әшкерелейтін деректі фильмге айналды. Фильмде оның қысымға ұшырап, кейін шетелге кетуге мәжбүр болғаны да көрсетіледі.
The Hollywood Reporter басылымы бұл туындыны «ашық әрі әсерлі хроника» деп бағалаған.
«Бұл фильм Отаннан қалай айырылуға болатынын көрсетеді. Ұсақ ымыралар үлкен салдарға әкеледі», – деді Боренштейн марапат алу кезінде.
Павел Таланкин марапаттау рәсімінде бұл жағдайға өзі де сенбегенін айтты.
«Екі жыл бұрын бұлай болады десе, күлер едім. Бұл – адам сенгісіз жағдай», – деді ол.
Таланкин 2024 жылы жазда Ресейден кетіп, видеоматериалдарын алып шыққан. Кейін режиссермен бірлесіп фильмді қашықтан аяқтаған.
Айта кетейік, бұл туынды бұған дейін Лондонда өткен BAFTA сыйлығын да жеңіп алған.