Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев жексенбі күні қазақстандықтар дауысқа салған жаңа Конституцияға қол қойды. Президенттің пайымынша, жалпыхалықтық референдум ойдағыдай өткен, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
“Бүгін баршаңыз тарихымыздағы аса маңызды, мән-мағынасы айрықша, ел өмірінде өшпес із қалдыратын оқиғаның куәсі болдыңыздар. Мен Мемлекет басшысы ретінде бүкіл халық атынан Ата заңымызға қол қойдым. Сонымен қатар Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. Енді Халық Конституциясы 1 шілдеден бастап ресми түрде өз күшіне енеді. Ал Конституция күнін мемлекеттік мереке ретінде ұлттық деңгейде жыл сайын 15 наурызда атап өтетін болдық,” – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Тоқаев Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа да қол қойды. Жарлыққа сәйкес, 2026 жылғы 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданған Конституция мәтіні «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» басылымдарында жарияланады. 1995 жылғы Конституцияның түпнұсқасы Президенттің Архивінде сақталады.
Президент және Үкімет заң шығару бастамасымен Парламентке бірнеше Конституциялық заң жобаларын енгізетін болады. Олар «Президент туралы», «Қазақстан Халық Кеңесі туралы», «Астананың мәртебесі туралы» және «Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы» жобалары болмақ.