Иранның жаңа жоғарғы жетекшісі Мұжтаба Хаменеи отбасылық резиденцияға жасалған зымыран соққысынан аман қалған. Бұл туралы шетелдік ақпарат құралдары жазды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Мәліметке сәйкес, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль соққы жасаған сәтте Хаменеи ғимараттан шығып үлгерген. Журналистерге тараған аудиожазбада ол жарылысқа бірер минут қалғанда аулаға шыққаны айтылады.
«Алланың жазуымен Моджтаба сол сәтте сыртқа шықты. Ол қайта кірейін деп жатқанда зымыран ғимаратқа түсті», – делінген жазбада.
Соққы салдарынан оның әкесі Әли Хаменеи, келіні және ұлы қаза тапқан болатын. Сондай-ақ жоғары лауазымды әскери тұлғалардың да мерт болғаны айтылып отыр.
Иран сыртқы істер министрлігі Мұжтаба Хаменеи жарақат алғанын растады. Ал кей деректерде оның аяғынан жараланғаны көрсетіледі. Соңғы күндері оның көпшілік алдына шықпауы түрлі болжам туғызды. АҚШ президенті Дональд Трамп та оның тірі екеніне күмән келтірген еді. Алайда Иран тарапы бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр. Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Хаменеи тірі екенін және жағдайды толық бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.
Бұған дейін кей басылымдар оны ем алу үшін Мәскеуге жеткізілгені туралы жазған. Бірақ бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.