Дубайдағы бесжұлдызды қонақүйлер туристер санының азаюына байланысты бағаны жаппай төмендете бастады. Кейбір люкс нысандарда тұру құны 50 пайызға арзандаған.
Бұл жағдайға Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюі әсер етті. Қақтығыстар мен әуе рейстерінің қысқаруы туристік ағымды әлсіретті. Соның салдарынан алдын ала жасалған брондаулар кері қайтарылып, бірқатар сапарлар кейінге шегерілді.
«Дубайдағы бесжұлдызды қонақүйлер аймақтағы шиеленіс пен туристердің азаюына байланысты бағаларын екі есеге дейін түсірді. Бұл өңірдегі туризм табысының күніне шамамен 600 млн долларға төмендеуіне әкеліп отыр», — деп жазады Business Insider.
Қонақүйлер шығынды азайту үшін жергілікті тұрғындарға арналған арнайы демалыс ұсыныстарын көбейтті. Бұл пакеттерде тұруға жеңілдіктер мен қосымша қызметтер қарастырылған.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай тәсіл халықаралық туристер азайған кезеңде қонақүйлердің жүктемесін сақтауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, 16 наурызда Дубай әуежайында дрон жарылып, ұшулар уақытша тоқтатылған еді. Бұл да туристік ағынға әсер еткен факторлардың бірі болды.