Наурыз мерекесіне орай қазақстандықтар 21–25 наурыз аралығында қатарынан бес күн демалады. Осыған байланысты ел ішінде қатынасты күшейту үшін әуе және теміржол бағыттарына қосымша рейстер қосылады, деп хабарлайды Juzmedia.kz
Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, мереке күндеріне орай әуе компаниялары шамамен 160 қосымша рейс ашқан. 16–29 наурыз аралығында Air Astana мен FlyArystan 146 қосымша рейс орындайды. Оның 80-і Алматы – Астана бағытына тиесілі, қалған рейстер Астана, Алматы және Ақтаудан еліміздің басқа қалаларына бағытталған.
SCAT әуе компаниясы да қосымша рейстер енгізді. 19–21 наурыз аралығында Алматы – Астана бағытына бес рейс, Шымкент – Ақтау бағытына бір рейс қосылды. Ал 23–26 наурыз күндері Алматы – Астана бағытында тағы төрт рейс, сондай-ақ Шымкент – Астана және Ақтау – Астана бағыттары бойынша бір-бір рейс ашылады.
Теміржол бағыттарында да қозғалыс күшейтілді. «Жолаушылар тасымалы» компаниясы бірқатар бағыттарға қосымша электр пойыздары мен вагондар қосатынын мәлімдеді. Астана – Павлодар, Астана – Атбасар, Нұрлы жол – Бурабай курорты және Шу – Тараз бағыттарында қосымша пойыздар жүреді. Сонымен қатар Қарағанды – Балқаш бағытына бірнеше күн қосымша вагон тіркеледі.
Еске салайық, 2026 жылы Наурыз мейрамы демалыс күндеріне сәйкес келгендіктен, қосымша демалыс 24–25 наурызға ауыстырылды. Бес күндік жұмыс аптасында қазақстандықтар 21-інен 25-іне дейін демалады.
Айта кетейік, 14–23 наурыз аралығында елде Наурызнама онкүндігі өтеді. Осы кезеңде түрлі мәдени және мерекелік шаралар ұйымдастырылады.