Кеше түнде Паралимпиадада топ жарған Ербол Хамитов пен ұлттық құрама мүшелері елге оралды. Астана әуежайында оларды қала тұрғындары ерекше ықыласпен қарсы алды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ұшақтан түскен бойда жанкүйерлер спортшыны ыстық ықыласпен қарсы алды. Ербол Хамитов жарыс алдында берген уәдесін ақтады. Италияға аттанарда алтын аламын деген еді, сол сөзінде тұрды. Байрақты бәсекеге ел намысын арқалап барып, екі бірдей медаль жеңіп қайтты.
«Екі ай бұрын Мемлекет басшысына Әнұран шырқатамын деп уәде бергенмін. Жанкүйер болып сенім артқан Қазақстан халқына алғысымды білдіремін», – деді Ербол Хамитов.
Бұл жеңіс – жылдар бойы төгілген еңбектің нәтижесі. Алдымен шаңғы жарысында қола жүлде алған Хамитов кейін із қуу сайысында алтынға қол жеткізді. Осылайша параспортшы тарихи нәтиже көрсетті.
Демеушілер Ербол Хамитовке елордадан екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Енді ол алдағы жазғы Паралимпиадада да жоғары нәтиже көрсетуге ниетті.