homepage
Фото: ашық дереккөзден

Трамп: «Кубаны жаулап алу – мен үшін құрмет»

17.03.2026, 10:49

АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйдегі құжатқа қол қою рәсімі кезінде Кубаға қатысты даулы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Сопақ кабинетте журналистер алдында сөйлеген Трамп Кубаға қатысты ойын ашық жеткізді.

“Кубаны жаулап алу мен үшін үлкен құрмет болар еді. Оны азат етуім де, жаулап алуым да мүмкін – жалпы, қалағанымды істей аламын”, – деді ол.

Бұл – Трамптың Куба туралы алғашқы мәлімдемесі емес. Бұған дейін де ол “достық жолмен бақылауға алу” мүмкіндігін айтқан. АҚШ пен Куба арасындағы қарым-қатынас ұзақ уақыттан бері күрделі күйде қалып отыр.

Соңғы оқиғалар жағдайды одан әрі ушықтырды. Венесуэла президенті Николас Мадуро ұсталғаннан кейін АҚШ Кубаның венесуэлалық мұнайға жеткізілуін шектеді. Соның салдарынан елде жанармай тапшылығы күшейіп, жарық өшіру жиілеп, кей мемлекеттік қызметтер шектелді.

Осы ахуал аясында 14–15 наурыз күндері Кубада наразылықтар өтті. Кей жерлерде ол тәртіпсіздікке ұласты. Ал 16 наурызда ел бойынша жаппай электр жарығы өшіп, шамамен 10 миллион адам жарықсыз қалды.

Куба билігі АҚШ-пен жағдайды реттеу бойынша келіссөз жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Трамп та мұны растады. Ол Кубаны “мұнайы жоқ, бірақ жері бай мемлекет” деп сипаттады.

Президенттің айтуынша, Иран мәселесі шешілгеннен кейін Кубаға қатысты нақты қадамдар жасалуы мүмкін.