Заңсыз аңду деректері бойынша 51 қылмыстық іс сотқа жетті, деп хабарлайды Juzmedia.kz IIM дерегіне сүйеніп.
Сталкинг — адамды еркінен тыс аңду, байланыс орнатуға тырысу, қысым көрсету әрекеттері. Ол қоқан-лоқы, қорлау, жала жабу, әлеуметтік желіде бақылау, жеке хаттарға қол жеткізу сияқты тәсілдермен көрінуі мүмкін. Кей жағдайда мұндай әрекеттер ауыр қылмысқа ұласуы ықтимал.
Қазақстанда мұндай іс-әрекет үшін Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған. Жаза ретінде 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе 50 тәулікке дейін қамау көзделген.
Министрлік бұл норма адамды ерте кезеңде қорғауға және қауіптің алдын алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
"Сталкинг қылмыс ретінде танылғаннан бері 51 іс сотқа жолданды, олардың 36-сы бойынша күдіктілер қамауға алынды. Бұл санаттағы істер министрліктің бақылауында", — деді ІІМ тергеу департаментінің бастығы Самат Айсов.
Істердің бірі Батыс Қазақстан облысында тіркелген. Онда бұрынғы күйеуі әйелді жүйелі түрде аңдып, қайта-қайта хабарласып, мекенжайына барып, қорқытқан.
"Нөмірін ауыстырып, бұғаттағаннан кейін де ол әртүрлі аккаунттар мен нөмірлерден жазуын тоқтатпаған. Сот оны кінәлі деп танып, 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартты", — деп хабарлады ІІМ.
Астанада тағы бір ер адам жарты жыл бойы әйелді аңдыған. Ол жұмыс орнына келіп, жасырын түсірілім жасаған.
"Сот оған 100 сағат қоғамдық жұмыс тағайындап, моральдық өтемақы төлеуді міндеттеді. Бұған қоса бұрынғы шектеу талабын бұзғаны үшін жаза бас бостандығынан айыруға ауыстырылды", — деп мәлімдеді министрлік.
Семейде де осындай дерек тіркелді. Ер адам ұзақ уақыт бойы басқа әйелді аңдығаны үшін жауапқа тартылды.
«Егер сіз, жақындарыңыз немесе таныстарыңыз заңсыз қудалауға тап болса, оны еш жағдайда елеусіз қалдырмаңыздар. Қылмыстық әрекеттердің жолын кесу және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту үшін дереу полицияға хабарлаңыздар», – деп ескертеді Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің бастығы Самат Аисов.