«Болашақ» халықаралық стипендиясы мен «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы бойынша құжат қабылдау басталды. Өтінімдерді eGov.kz порталы арқылы беруге болады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
«Болашақ» бағдарламасына құжаттар 16 қазанға дейін, ал ғылыми тағылымдамаларға 30 қазанға дейін қабылданады.
2026 жылы «Болашақ» бағдарламасына барлығы 635 стипендия бөлінген. Оның ішінде 20 грант бакалавриатқа, 400 грант магистратураға, 50 грант докторантураға және 165 грант тағылымдамаларға арналған. Сонымен қатар «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы бойынша тағы 250 грант қарастырылған.
Биыл халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары үшін бөлек санат ашылды. Сондай-ақ атом өнеркәсібіне мамандарды даярлау жоспарланып отыр. Бұдан бөлек «жасанды интеллект» бағыты бойынша тағылымдамалар енгізілді.
Бағдарлама аясында мемлекет оқу ақысын, ұшу билеттерін, медициналық сақтандыруды, визалық алымдарды және ай сайынғы шәкіртақыны өтейді.
Айта кетейік, өткен жылдың желтоқсанында өткен конкурс қорытындысы бойынша 225 адам «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанған.