Талғар қаласының бұрынғы әкімі Арыстанбек Әбілқайырұлы қызметтен кеткеннен кейін такси жүргізушісі болып жүр. Бұл туралы ол журналист Нұрсерік Жылқышыбайға берге сұхбатында айтты.
Экс-әкімнің айтуынша, отставкадан кейін жұмыссыз отырғысы келмеген. Қазір жалға алынған көлікпен такси айдап, кейде түнгі үшке дейін жұмыс істейді.
“Үйде бос отырған маған ұят. Отбасымды асырау керек. Бізде “есектің артын жусаң да, ақша тап” деген сөз бар. Сондықтан қазір такси жүргіземін. Күндіз де, түнде де жүремін. Әдетте түнгі үшке дейін жұмыс істеймін. Күніне 18 500 теңге жоспар өткізу керек”, – деді ол.
Сұхбат барысында журналист оның қызметтен кетуіне не түрткі болғанын сұрады. Бұрынғы әкім ешқандай қысым болмағынын, бұл денсаулығына байланысты қабылданған өз шешімі екенін айтады. Жүрегі сыр беріп, ем қабылдағаннан кейін де бұрынғыдай жұмыс істей алмаған. Ал, 100 мыңнан астам тұрғыны бар шаһарды басқаруға ерік пен жігер керек. Алайда, экс-шенеунік өзінің мемлекеттік қызметке қайта оралу мүмкіндігін жоққа шығармайды.
“Егер тағы бір мүмкіндік берілсе, халықпен жұмыс істеуге тағы бір шанс болса, жұмысымды бұрынғыдан да жақсы жасауға тырысар едім”, – деді ол.
Арыстанбек Әбілқайырұлы көпшілікке әлеуметтік желідегі белсенділігімен танылған. Ол Tik-Tok әлеумеьік желісінде жариялаған роликтердің бірі кең таралып, оның парақшасына Қазақстанның әр өңірінен пайдаланушылар жазыла бастаған.