Тарихта алғаш рет әйел оператор «Оскар» сыйлығын иеленді. Оператор Отем Дюралд Аркапау «Грешники» фильмі үшін «Ең үздік операторлық жұмыс» аталымында жеңіске жетіп, тарихқа енді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Сондай-ақ, Аркапау – осы аталымда «Оскар» алған алғашқы қара нәсілді әйел оператор. Оның жеңісі ұзақ уақыт бойы ер адамдар үстемдік еткен кинооператорлық саладағы маңызды бетбұрыс ретінде бағаланып отыр.
Оған дейін бұл номинацияға небәрі үш әйел ұсынылған. 2018 жылы Рэйчел Моррисон «Mudbound» фильмі үшін, 2021 жылы Ари Вегнер «The Power of the Dog» фильмі үшін, ал 2022 жылы Мэнди Уокер «Elvis» фильмі үшін үміткер болған. Алайда олардың ешқайсысы жүлде ала алмады.
Отем Дюралд Аркапау филиппин және афроамерикалық текті. Сарапшылардың айтуынша, ол толықметражды фильм түсіруде IMAX 65mm және Ultra Panavision форматтарын пайдаланған алғашқы әйел оператор саналады. Бұл технологиялар «Грешники» фильмінің ерекше визуалды стилін қалыптастыруға көмектескен.

«Грешники» фильмі биылғы «Оскар» сыйлығында 16 номинацияға ұсынылды. Фильм «Үздік фильм», «Үздік режиссер», «Үздік актер» (Майкл Б. Джордан), «Екінші пландағы үздік актриса» (Вунми Мосаку) және «Екінші пландағы үздік актер» (Делрой Линдо) секілді негізгі аталымдарда да бақ сынады.
Кино мамандары Аркапаудың жеңісін тек жеке жетістік емес, кино өндірісіндегі әйелдер үшін маңызды тарихи кезең деп бағалап отыр.