Халықаралық Дубай әуежайында дрон жарылып, барлық рейстер уақытша тоқтатылды. Бұл туралы BBC жазды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Әуежай әкімшілігі жолаушылар мен қызметкерлердің қауіпсіздігі үшін осындай шешім қабылдаған.
Билік мәліметінше, дрон жанармай багіне құлап, әуежай аумағында өрт шыққан. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Полиция әуежайға апаратын жолдар мен туннельдердегі қозғалыс уақытша тоқтатылғанын нақтылады. Emirates әуекомпаниясы Дубайға ұшатын рейстерін уақытша тоқтатты. Бірқатар рейс Әл-Мактум халықаралық әуежайына бағытталды.
Reuters агенттігінің мәліметінше, бұл — 28 ақпанда Иран мен Парсы шығанағы елдері арасындағы қақтығыс басталғалы бері Дубай халықаралық әуежайына жасалған үшінші дрон шабуылы. Аймақтағы шиеленіс халықаралық әуе қатынасына да әсер етті: көптеген рейс кейінге шегеріліп, тоқтатылып немесе басқа бағытқа бұрылып жатыр. Себебі Таяу Шығыстың әуе кеңістігінің едәуір бөлігі зымыран мен дрон шабуылдары қаупіне байланысты жабық күйде қалды. Сонымен қатар жанармай бағасы күрт өсіп жатыр.
БАӘ билігінің дерегінше, соғыс басталғалы елдің әуе қорғаныс жүйесі Ираннан ұшырылған 1500-ден астам дрон мен шамамен 300 зымыранды қағып түсірген. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, қақтығыс басталғалы алты адам қаза тапқан, оның төртеуі — бейбіт тұрғын.