homepage
Фото: AFP/GETTY IMAGES

«Оскар» сыйлығының жеңімпаздары анықталды

16.03.2026, 10:04

АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласындағы Голливудтағы Dolby Theatre кинотеатрында кино саласындағы ең беделді марапаттардың бірі – 98-ші «Оскар» сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Салтанатты кешті жүргізуші әрі әзілкеш Конан О’Брайен жүргізді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Биылғы кештің басты жүлдесін «One Battle After Another» фильмі жеңіп алды. Бұл картина «Үздік фильм» аталымымен қатар бірнеше негізгі номинацияда топ жарды. Аталған фильм үшін Пол Томас Андерсон «Үздік режиссер» атанды, ал Шон Пенн осы картинадағы рөлі үшін «Екінші пландағы үздік актер» жүлдесін иеленді. Сондай-ақ фильм «Үздік кастинг», «Бейімделген сценарий» және «Үздік монтаж» аталымдарында да жеңіске жетті.

«Үздік актер» жүлдесі «Sinners» фильміндегі рөлі үшін Майкл Б. Джорданға бұйырды. Осы фильм «Үздік сценарий», «Үздік операторлық жұмыс» және «Үздік саундтрек» аталымдарында да марапатталды. Ал «Үздік актриса» жүлдесін «Hamnet» фильміндегі рөлі үшін Джесси Бакли алды.

Екінші пландағы үздік актриса аталымында «Weapons» фильміндегі рөлі үшін Эми Мэдиган жеңімпаз атанды.

Анимациялық фильмдер арасында «K-Pop Demon Hunters» картинасы «Үздік толықметражды мультфильм» жүлдесін жеңіп алды. Осы фильмдегі Golden композициясы «Үздік ән» аталымында да марапатталды. Ал «Үздік анимациялық қысқаметражды фильм» жүлдесі «Girl Who Cried Pearls» туындысына берілді.

«Үздік қысқаметражды фильм» аталымында «Two People Exchanging Saliva» және «The Singers» фильмдері марапатталды.

«Frankenstein» фильмі бірден бірнеше техникалық аталымда – «Үздік костюм дизайны», «Үздік грим және шаш үлгісі» және «Үздік қоюшы-суретші жұмысы» бойынша жеңіске жетті.

«Аватар: от пен күл» фильмі «Үздік визуалды эффектілер» жүлдесін иеленді. «Формула-1» картинасы «Үздік дыбыс» аталымында жеңіске жетті.

«Үздік қысқаметражды деректі фильм» жүлдесі «All the Empty Rooms» фильміне бұйырса, «Үздік шетелдік фильм» аталымында «Sentimental value» картинасы топ жарды.