Елде Конституция күні 30 тамыздан 15-нші наурызға ауыспақ. Бұл туралы кеше Президенттің өзі айтты. Экзит-полл нәтижелері жарияланғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев өзін қаумалаған қауымға бұл күннің Қазақстан тарихы үшін маңызын мәлімдеп, енді жыл сайын осы күні Конституция күні ретінде атап өтілетінін хабарлады.
“Бұл мәселе бойынша ешқандай күмәнім жоқ. Өйткені бұл – азаматтарымыздың бойындағы нағыз отаншылдық нышаны. Енді жыл сайын 15 наурызды – Конституция күні, яғни, еліміздің ең басты мерекесінің бірі ретінде қарсы аламыз. Себебі, Қазақстан халқы жаңару мен жаңғыру үшін дауыс берді. Бұл – біздің бәрімізге ортақ жетістік. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.