homepage
Фото: ашық дереккөзден

Елена Рыбакина - әлемнің екінші ракеткасы

16.03.2026, 09:00

Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) жаңартылған рейтингін жариялады. Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина мансабындағы ең жоғары көрсеткішке жетіп, әлемдік рейтингте екінші орынға көтерілді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Рыбакина АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өткен WTA 1000 санатындағы турнирде финалға дейін жетіп, әлемдік рейтингте бір саты жоғарылап, екінші орынға шықты. Бұған дейін ол үшінші орында тұрған. Бұл – теннисшінің мансабындағы ең жоғары нәтиже ғана емес, Қазақстан спортшылары арасындағы ең үздік көрсеткіш.

Әлемдік рейтингтің бірінші орнында әлі де беларусь теннисшісі Арина Соболенко тұр. Ал бұған дейін екінші орында болған польша спортшысы Ига Швёнтек қазір үшінші орынға сырғыды.

Қазақстандық Юлия Путинцева рейтингте бір саты жоғарылап, 75-орынға көтерілді. Ал Зарина Дияс керісінше 16 орынға төмендеп, 312-орынға түсті. Жібек Құламбаева да 31 сатыға түсіп, 419-орында тұр.

Жұптық сында қазақстандық Анна Данилина жетінші орыннан төртінші орынға көтерілді. Бұл санатта бірінші орынды бельгиялық Элизе Мертенс сақтап қалды. Чехия теннисшісі Катерина Синякова екінші орынға көтеріліп, канадалық Габриэла Дабровски үшінші орынға түсті.