Ресейдің қаржы бақылау қызметі «Яшкино» мен «Кириешки» брендтерінің негізін қалаушы кәсіпкер Денис Штенгеловты экстремистік немесе террорлық әрекетке қатысы бар тұлғалар тізіміне енгізді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Тиісті ақпарат ведомствоның ресми сайтында жарияланған. Ол тізімге кәсіпкердің әкесі Николай Штенгелов та енді. Реестрде олардың бір ұйымға қатысы бар екені көрсетілген.
Ресейдің Бас прокуратурасы Штенгеловтарды Украина қарулы күштерін қаржыландырды деп күдіктеп отыр. Тергеу нұсқасына сәйкес, Николай Штенгелов Украина аумағында әскерилендірілген жасақ құрған, кейін ол бірнеше бөлімшенің кадрлық негізіне айналған.
Ал Денис Штенгелов Украина қарулы құрылымдарына азық-түлік пен өзге де тауар жеткізді деген күдікке ілінген.
Денис Штенгелов – «КДВ Групп» холдингінің негізін қалаушы. Бұл компания «Яшкино» печеньесі мен «Кириешки» сухариктері сияқты танымал өнімдерді шығарады. Ол Forbes журналының Ресейдегі ең бай кәсіпкерлер тізіміне алғаш рет 2023 жылы енген. 2025 жылғы рейтингте кәсіпкер ресейлік миллиардерлер арасында 98-орында тұрған.
Бұған дейін 2025 жылдың қазан айында Мәскеудің Тверь соты Штенгеловқа тиесілі «КДВ Групп» холдингін мемлекет меншігіне өткізу туралы шешім қабылдағаны хабарланған.
БАҚ мәліметінше, қазіргі уақытта кәсіпкер отбасымен бірге Австралияда тұрып жатыр.