Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдумда дауыс берді. Мемлекет басшысы Астанадағы Оқушылар сарайында орналасқан №51 референдум учаскесіне барып, бюллетень тастады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Дауыс бергеннен кейін президент отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне қысқаша пікір білдірді. Оның айтуынша, бүгінгі күн елдің болашағы үшін маңызды.
«Бүгін еліміздің тағдырын айқындайтын күн. Бұл – тарихи құжат. Ол азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік береді. Сондықтан оның маңызы өте жоғары. Жаңа Конституция еліміздің, жеріміздің тұтастығын, тәуелсіздігі мен егемендігін қорғайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, 1995 жылы қабылданған Конституция ел дамуына үлкен рөл атқарды, алайда уақыт талабына байланысты жаңа Ата заң қабылдау қажет болды. Ол жаңа Конституцияның преамбуласын және бірқатар нормаларын өзі жазғанын айтты.
Бұдан кейін мемлекет басшысы конституциялық реформаның мақсаттары мен халықаралық күн тәртібіне қатысты бірнеше сұраққа жауап берді.