Астана мен Қарағандыда бопсалаумен айналысты деген күдікпен QirSabyn телеграм-арнасының әкімшілері ұсталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бас прокуратураның ҰҚК және ІІМ ведомствоаралық жедел-тергеу тобымен және ҚМА-нің мамандандырылған бөлімшесімен бірлесіп, Астана және Қарағанды қалаларында QirSabyn телеграм-арнасы арқылы шындыққа жанаспайтын ақпарат жариялайтынын айтып, ақшалай қаражат бопсалаумен айналысқан адамдар тобы ұсталды.
«Шұғыл тергеу әрекеттері жүргізіліп, техникалық құралдар, ірі көлемдегі ақша сомасы және өзге де заттай дәлелдемелер алынды. Телеграм-арнасының әкімшілері соттың санкциясымен қамауға алынды», - делінген ведомство хабарламасында.
Қазіргі кезде қажетті тергеу және жедел іс-шаралар жалғасып жатыр.
Тергеу аясындағы өзге ақпарат жария етілмейді.