homepage
Фото: Алматы өңірлік коммуникациялар қызметі

Алматыда сайлаушылар учаскелер ашылмай жатып-ақ келе бастады

15.03.2026, 08:03

Бүгін сағат 07:00-де Алматыда 653 сайлау учаскесі ашылып, жалпыхалықтық референдум басталды. Айта кетейік, қала тұрғындарының бірқатары учаскелерге ашылар алдында-ақ келіп, дауыс беруге сақадай сай болды.

Алматы өңірлік коммуникациялар қызметі
№8 мектеп-гимназиясының ғимаратында бірден екі сайлау учаскесі — №82 және №85 орналасқан. Учаскеге алғашқылардың бірі болып Күмішай Есенбаева келді. Ол Ұзынағаштан арнайы келіп, дауыс беру құқығын беретін куәлік арқылы дауыс берді.

Бүгін референдумға келуімнің себебі — оны өз азаматтық борышым деп санаймын, — деді Күмішай Есенбаева.

Алғашқылардың қатарында дауыс бергендердің бірі — алматылық Дина Утамбетова.

Мұндай маңызды оқиға ел үшін аса қажет. Сондықтан алғашқы болып дауыс беруді жөн көрдім, — деді Дина Утамбетова.

№85 учаскелік комиссиясының төрайымы Айнұр Сүйіндікова учаскеде сайлаушылар үшін барлық қажетті жағдай жасалғанын айтты.

 Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы жағдай қарастырылған. Сондай-ақ келушілерге арналған фотоаймақ ұйымдастырылды. Біздің учаскеге барлығы 1850 сайлаушы тіркелген. Соның ішінде 23 азамат бүгін алғаш рет дауыс беріп отыр. Олар үшін шағын символикалық сыйлықтар дайындалды, — деді Айнұр Сүйіндікова.