homepage
фото: ашық дереккөзден

Бүгін - Референдум күні

15.03.2026, 00:44

Бүгін, 15 наурыз Референдум күні. Қазақстандықтар жаңа Конституцияны дауысқа салады. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдум өткiзу туралы жарлыққа 11 ақпанда қол қойған болатын. 

Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, ел бойынша 12 461 796 азамат дауыс берушілер тізіміне енгізілген. Республикалық референдум күні ел бойынша барлығы 10 402 учаске жұмыс істейді. Олар таңғы 07:00-де ашылып, кешкі 20:00-де жабылады. 

Республикалық референдумда шетелде тұратын 14 230 Қазақстан азаматы өз таңдауын жасайды. 54 елде орналасқан 71 учаске жұмыс істейді. Таяу Шығыстағы шиеленіске байланысты 10 елдегі 11 сайлау учаскесінің жұмысы уақытша тоқтатылды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Иран, Израиль, Иордания, Катар, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман, Ливан, Кувейт, Украина және Эфиопиядағы елшіліктері жанындағы, сондай-ақ Дубай қаласындағы Қазақстан консулдығы жанындағы учаскелер жұмыс істемейді. 

Науқан барысын 38 ел мен 11 халықаралық ұйымнан келген 359 байқаушы бақылайды. Дауыс беру қорытындысы 21 наурыздан кешікпей жариялануы тиіс.

Жаңа Конституция референдумда қабылданған жағдайда, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.