homepage
Фото: СІМ

Таяу Шығыстан қазақстандықтарды эвакуациялау аяқталды

14.03.2026, 11:41

Қазақстан Таяу Шығыс елдерінен өз азаматтарын эвакуациялауды аяқтады. Жалпы 10 275 қазақстандық елге қайтарылған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

«Қазақстан Республикасының өңірдегі дипломатиялық өкілдіктері жергілікті жерлерде шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен өзара іс-қимылды үйлестіріп, отандастармен тұрақты байланыста болып, Қазақстан азаматтарына қажетті көмек көрсетті», – деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Азаматтарды шығару бірнеше бағыт арқылы жүзеге асқан. Алдымен қазақстандықтар Қатар, Дубай және басқа елдерде жиналып, автобуспен Оман мен Сауд Арабиясына жеткізілген. Кейін олар ұшақпен Қазақстанға ұшырылған.

Сонымен қатар адамдарды жер арқылы шығару бағыттары да қолданылған. Атап айтқанда, Армения, Әзірбайжан және Түрікменстан арқылы өтетін жолдар пайдаланылған.

Бұған дейін Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев қазақстандықтарға бірқатар Таяу Шығыс елдеріне бармауға кеңес берген. Олардың қатарында Бахрейн, Мысыр, Израиль, Йемен, Иордания, Ирак, Иран, Қатар, Сауд Арабиясы, Кувейт, Ливан, БАӘ, Оман және Сирия бар.