homepage
Фото: ашық дереккөзден

Астанада жедел жәрдем фельдшеріне шабуыл жасалды

14.03.2026, 11:10

Елордада жедел жәрдем бригадасының фельдшеріне шабуыл жасаған ер адам ұсталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz. Polisia.kz ақпаратына сілтеме жасап.

Полиция мәліметінше, медициналық қызметкерге күш қолдану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиға жедел жәрдем бригадасы сауда орталығына шақырту бойынша барған кезде болған.

Алдын ала ақпаратқа сай, ол жерде мас күйдегі екі ер адам болған. Олардың бірі өзін нашар сезінетінін айтып, жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер қажетті көмекті көрсеткеннен кейін кетпек болғанда ер адамдардың бірі агрессивті әрекет жасап, фельдшерге соққы берген. Куәгерлер полиция шақырып, күдікті оқиға орнында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Полиция жедел қызмет өкілдеріне күш қолдану немесе қорқыту әрекеттері қатаң тоқтатылатынын ескертті.

Айта кетейік, Қазақстанда медицина қызметкерлеріне немесе қызметтік міндетін атқарып жүрген жедел жәрдем жүргізушісіне күш қолданғаны үшін жауапкершілік күшейтілді. 2024 жылғы 7 наурыздан бастап Қылмыстық кодекстің 380-3-бабы күшіне енді. Бұл бап бойынша айыппұлдан бастап 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.