homepage
Фото: ChatGPT арқылы жасалды

Амал келді – жыл келді!

14.03.2026, 10:04

14 наурыз – Көрісу күні. Халық арасында «Амал мерекесі» деп аталатын бұл күн Наурыз мейрамының басталуы болып саналады. Дәстүр бойынша адамдар бір-бірінің үйіне барып, қол алысып немесе құшақтасып амандасып, «Бір жасыңмен!» деп тілек айтады.

Зерттеушілер Көрісу дәстүрінің пайда болуын көшпелі тұрмыспен байланыстырады. Бұрын қазақтар қыс мезгілінде әртүрлі қыстауларда бір-бірінен алыс отырған. Қыстың суығы мен боран кезінде адамдардың бір-біріне баруы қиын болған. Көктем шығып, күн жылына бастағанда ауылдар қайта араласып, туыстар мен көршілер бір-бірінің үйіне барып амандасқан. Осылайша көктемнің алғашқы күндері арнайы көрісу дәстүрі қалыптасқан.

Бұл күні үлкенге құрмет көрсету ерекше мәнге ие. Жастар үлкендердің үйіне барып сәлем беріп, батасын алады. Үй иелері қонақтарға дастархан жайып, ұлттық тағамдар ұсынады. Осы арқылы адамдар арасындағы сыйластық пен татулық нығаяды.

Көрісу дәстүрі әсіресе Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында кең сақталған. Мамандар мұны өңірдің табиғи ерекшелігімен түсіндіреді. Каспий маңы мен Жайық өңірінде көктем басқа аймақтарға қарағанда ертерек келеді. Сондықтан 14 наурыз көктемнің басталуымен байланысты.

Соңғы жылдары Көрісу күні еліміздің басқа аймақтарында да кеңінен атап өтіле бастады. Бүгінде бұл күн адамдардың бір-бірімен қауышып, амандық сұрасып, ізгі тілек айтатын дәстүрлі мереке ретінде қабылданады.