homepage
Фото: Паралимпиада комитеті

Ербол Хамитов Паралимпиадада чемпион атанды

13.03.2026, 17:29

Қазақстандық парабиатлоншы Ербол Хамитов Италияда өтіп жатқан Паралимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қуу жарысы спринттің нәтижесіне қарай басталады. Хамитов спринттен кейін қарсыластарынан алда тұрған. Бірақ спортшылар әртүрлі санатта болғандықтан, жарысты бірінші болып бастамады. Соған қарамастан алғашқы атуға келгенде-ақ алға шығып, нысаналарды дәл көздеді.

Екінші ату кезінде бір рет мүлт кетті. Бірақ қарсыластары да қателескендіктен, Хамитов соңғы айналымға бірінші болып шығып, мәреге шамамен 20 секунд бұрын жетті. Осылайша ол алтын медаль жеңіп алды.

Күміс медальды украиналық Тарас Радь алды. Ол Ербол Хамитовтан 21,5 секундқа кеш келді. Ал қола жүлде қытайлық Лю Цзысюйге бұйырды. Ол мәреге 32,5 секунд кейін жетті.

Бұл жарыста тағы екі қазақстандық спортшы бақ сынады. Юрий Березин екі рет мүлт кетіп, 19-орын алды. Ол жеңімпаздан 3 минут 30,4 секундқа қалып қойды. Ал Сергей Усольцев бес рет қателесіп, 23-орынға тұрақтады. Оның айырмасы 4 минут 43,9 секунд болды.

Ербол Хамитовтың бұл осымен Паралимпиададағы екінші жүлдесі. 10 наурызда ол шаңғы спринтінде қола медаль алған. Бұл Италиядағы ойындарда Қазақстан алған алғашқы жүлде болған.

Ербол Хамитов спортпен бала кезінен айналысады. 19 жасында тізесіне оқ тиіп, аяғына ампутация жасалған. Соған қарамастан спортты тастамады. 2017 жылы грэпплингтен Қазақстан кубогында жүлде алған. Кейін қысқы спорт түрлеріне ауысып, 2023 жылы парашаңғы жарысынан әлем чемпионы болды. Ал 2025 жылы парабиатлоннан әлем чемпионатында алтын алған алғашқы қазақстандық атанды.