Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ірі банктердің бірыңғай цифрлық төлем инфрақұрылымына қосылуды кешіктіріп отырғанын сынға алды. Бұл мәселе Digital Qazaqstan жобасын іске асыруға арналған жиында көтерілді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, оның тапсырмасымен Ұлттық банк цифрлық қаржы инфрақұрылымын жасаған. Оның аясында банкаралық QR-төлемдер мен аударымдар, сондай-ақ цифрлық теңгемен есеп айырысу жүйесі іске қосылған.
«Азаматтарға арналған банк қызметтеріне айрықша тоқталғым келеді. Менің тапсырмаммен Ұлттық банк цифрлық қаржы инфрақұрылымын жасады. Оның аясында банкаралық QR-төлемдер және аударымдар, цифрлық теңгемен есеп айырысу қызметтері пайда болды. Бұл төлем тізбегіндегі делдалдар санын қысқарту арқылы шығынды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Банктер заң жүзінде аталған инфрақұрылымға қосылуға міндеттелді. Алайда ірі банктер бұл талапты созбалаңға салып, орындамай отыр», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің сөзінше, QR-төлем жүйесіне барлық банктің қосылуы азаматтарға арналған қаржы қызметтерін қолжетімді әрі тиімді ету үшін қажет.