Нью-Йорк қаласының әкімшілік ғимаратында алғаш рет ресми ауызашар өтті. Шараны қаланың мэрі Зохран Мамдани ұйымдастырды. Оған мұсылман қауымының өкілдері, белсенділер мен қаладағы шенеуніктер қатысты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл оқиға қалада әртүрлі пікір туғызды. Кейбір тұрғындар мэрдің бастамасын қолдап, оны Нью-Йорктің көпұлтты әрі түрлі дін өкілдері тұратын қала екенін көрсететін қадам деп бағалады. Олардың айтуынша, мұндай шаралар адамдардың бір-бірін түсінуіне көмектеседі және мұсылман қауымының қала өміріндегі орнын көрсетеді.
Бірақ бұған қарсы шыққандар да бар. Олардың пікірінше, мемлекеттік ғимаратта діни шара өткізу дұрыс емес. Себебі мемлекеттік мекемелер барлық дінге бірдей қарап, бейтарап болуы керек дейді.
Зохран Мамдани – Нью-Йорк тарихындағы алғашқы мұсылман мэр. Ол 34 жаста. Мамдани Угандада туған, кейін бала кезінде Нью-Йоркке көшіп келген. Саясатқа дейін Нью-Йорк штатының заң шығару органында жұмыс істеген.
2026 жылдың 1 қаңтарында ол мэр қызметіне кірісерде Құранға қолын қойып ант берген.