Атырау облысындағы Теңіз кен орнында өрт шықты. Бұл ақпаратты «Теңізшевройл» компаниясы растады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жоба операторының мәліметінше, зардап шеккендер жоқ. Компания өрттің шығу себептерін анықтау үшін тексеріс жүргізіліп жатқанын хабарлады. Алайда өндірістік жағдайға қатысты толық ақпарат жарияланған жоқ. Reuters агенттігінің жазуынша, өрт 11 наурыз күні кен орнындағы нысандардың бірінде болған. Соған қарамастан мұнай өндіру тоқтатылмаған, жұмыс қалыпты режимде жалғасқан.
Теңіз – Қазақстандағы ең ірі мұнай кен орындарының бірі. Мұнда Теңіз және Королев кен орындары орналасқан. Сарапшылардың бағалауынша, өндірілетін мұнай қоры шамамен 1,4 млрд тонна.
Биыл 18 қаңтарда «Теңізшевройл» нысанындағы газ электр станциясында трансформатор өртеніп, салдарынан «Теңіз» және «Королев» кен орындарында мұнай өндіру тоқтаған еді.
Жөндеу жұмыстары аяқталған соң, араға бір ай салып кен орнындағы мұнай өндіру қайта қалпына келген.