Қазақстан президентінің өкімімен Бинур Жаленов Ұлттық банк төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ақорданың хабарлауынша, Мемлекет басшысының өкімімен Жаленов Бинур Мұратұлы Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі төрағасының орынбасары болып бекітілген.
Бинур Жаленов 1993 жылы Семей қаласында туған. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін New York University университетінде ақпараттық жүйелер бойынша магистр дәрежесін және MBA алған. Сондай-ақ Cambridge университетінің бизнес мектебіндегі FinTech and Regulatory Innovation бағдарламасын аяқтаған. «Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендиаты.
Еңбек жолын Қаржы министрлігінің Электрондық коммерция орталығында бастаған. Кейін ІТ және консалтинг саласында жұмыс істеп, IBM компаниясында технологиялық стратегия бойынша кеңесші болған. Бұдан кейін Ұлттық банк жүйесінде түрлі басшылық қызметтер атқарды: Төлем және қаржы технологияларын дамыту орталығын басқарды, Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығының бас директоры болды, сондай-ақ Ұлттық төлем корпорациясының басқарма төрағасы қызметін атқарды.