homepage
Фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысында субсидия жымқырған әйел сотталды

13.03.2026, 12:44

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласында бөлінген субсидияны заңсыз алған шаруашылық басшысына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Арыс ауданы прокуратурасының тексеруі 2021 жылдың сәуірінде шаруашылық басшысы ақпараттық жүйеге әдейі жалған мәлімет енгізуді ұйымдастырғанын анықтаған. Құжаттарда шаруашылық селекциялық жұмыс жүргізу үшін 2470 бас аналық ірі қара мен 120 асыл тұқымды бұқаны жалға алғаны көрсетілген.

Осы мәліметтердің негізінде шаруашылық шотына 24,7 млн теңге көлемінде мемлекеттік субсидия аударылған. Алайда тексеріс барысында селекциялық жұмыс іс жүзінде небәрі 18 асыл тұқымды бұқа мен 450 бас аналық малға ғана жүргізілгені анықталған.

Соның салдарынан мемлекеттен 20,2 млн теңге заңсыз алынған. Аталған дерек бойынша прокуратура сотқа дейінгі тергеу бастаған.

Сот шаруашылық басшысын кінәлі деп танып, оны 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сонымен қатар оған 5 жыл бойы коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды.

Заңсыз алынған қаражат мемлекет кірісіне қайтарылды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.