Алматы хайуанаттар бағына Жаңа Гвинеядан шыққан сирек рептилия – Сальвадор варандарының жұбы әкелінді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Хайуанаттар бағы өкілдерінің мәліметінше, бұл алып кесірткелер 10 жастан асқан және Индонезиядан жеткізілген. Сальвадор варандары артеллия, кабарагойя немесе қолтырауын вараны деп те аталады.
Бұл жануарлардың құйрығы өте мықты, ал терісі қолтырауынның терісіне ұқсайды. Олар үшін табиғи мекеніне барынша ұқсас жағдай жасалған арнайы террариум дайындалған.
Экзотариум бөлімінің жетекшісі, герпетолог Александр Гурнев:
«Рептилиялар өздерін жақсы сезініп, табиғи ортасына ұқсатып жабдықталған террариумды қызығушылықпен зерттеп жүр. Мұнда жоғары температура мен ылғалдылық сақталған. Варандарға бұл жер ұнайды деп үміттенеміз, әрі олар ұзақ әрі жақсы өмір сүреді деп сенемін», – деді.
Келушілер жаңа жануарларды хайуанаттар бағының «Экзотариум» бөлімінен көре алады. Сондай-ақ варандардың олжасын айыр тілімен қалай табатынын да қызықтай алады.