homepage
Фото: Reuters

АҚШ ресейлік мұнайды сатуға рұқсат берді

13.03.2026, 11:03

АҚШ 11 сәуірге дейін кемелерге тиеліп қойған ресейлік шикі мұнай мен мұнай өнімдерін сатуға рұқсат берді. Бұл туралы АҚШ Қаржы министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Reuters агенттігінің жазуынша, Вашингтон теңізде келе жатқан ресейлік мұнайды сатып алуға 30 күндік лицензия берген. АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент бұл шешімнің «қысқа мерзімді шара» екенін айтты. Оның сөзінше, рұқсат тек қазірдің өзінде жолда келе жатқан мұнайға қатысты беріледі және Ресей үкіметіне айтарлықтай қаржылық пайда әкелмейді.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Таяу Шығыстағы соғысқа байланысты мұнай саудасына салынған кейбір шектеулерді уақытша алып тастау мүмкін екенін айтқан. Алайда ол кезде нақты қай елге қатысты екені көрсетілмеген еді.

Мұндай шешімнің қабылдануына Таяу Шығыстағы жағдай әсер еткен. Иран, Израиль және АҚШ арасындағы шиеленіс салдарынан Ормұз бұғазындағы қозғалыс тоқтап, мұнай бағасы күрт өсті. Бұл бұғаз арқылы әлемде өндірілетін мұнайдың шамамен бестен бірі тасымалданады.

Ал Иран тарабы мұнай бағасы әлі де өсуі мүмкін екенін айтып, нарықтағы тұрақсыздықты күшейтетінін ескертіп отыр.