homepage
Фото: ашық дереккөзден

Ертең референдум алдындағы үнсіздік күні

13.03.2026, 09:32

14 наурыз Қазақстанда Конституцияға қатысты референдум алдындағы үнсіздік күні. Бұл күні кез келген үгіт-насихатқа тыйым салынады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров айтты. Оның айтуынша, үнсіздік күні ешқандай үгіт жүргізуге болмайды. Бұрын ілінген үгіт материалдары алынып тасталмайды, бірақ оларды таратуға немесе қайта жариялауға рұқсат жоқ. Тыйым әлеуметтік желілерге де қатысты — үгіт материалдарын қайта жариялауға немесе белсенді насихат жүргізуге болмайды.

Сонымен қатар референдум күні қоғамдық пікір сауалнамаларын жариялауға да тыйым салынады. Заң талаптарын бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 102-бабына сәйкес, тыйым салынған кезеңде үгіт жүргізгені үшін:

  • жеке тұлғаларға — 15 АЕК (64 875 теңгe);
  • шағын бизнес пен коммерциялық емес ұйымдарға — 20 АЕК (86 500 теңге);
  • орта бизнеске — 25 АЕК (105 825 теңге);
  • ірі бизнеске — 35 АЕК (148 155 теңге) айыппұл қарастырылған.

Еске салсақ, 11 ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституция бойынша республикалық референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойған. Дауыс беру 15 наурыз күні сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтеді.

Бюллетеньде бір ғана сұрақ болады: «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?». Ұсынылған өзгерістер негізгі заң мәтінінің шамамен 84 пайызына қатысты. Дауыс беру кезінде құжат толық күйінде ғана қабылданады немесе толықтай қабылданбайды. Референдум өткізуге шамамен 20,8 миллиард теңге жұмсалатыны айтылған.