homepage
Фото: ашық дереккөзден

Рыбакина әлемдік рейтингте екінші орынға шықты

13.03.2026, 09:13

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтіп жатқан WTA 1000 турнирінің жартылай финалына шығып, алғаш рет әлемдік рейтингте екінші орынға көтеріледі, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Турнирдің ширек финалында Рыбакина әлемдік рейтингте бесінші орында тұрған америкалық теннисші Джессика Пегуламен кездесті. Қазақстандық спортшы матчты сенімді бастап, алғашқы сетті 6:1 есебімен жеңіп алды.

Екінші сет әлдеқайда тартысты өтті. Пегула 4:1, кейін 5:4 және 6:5 есебімен алда болғанымен, Рыбакина ойынды өз пайдасына бұрып, сет тағдырын тай-брейкке жеткізді. Шешуші сәтте қазақстандық теннисші басым түсіп, партияны 7:6 есебімен аяқтады. Матч бір сағат 28 минутқа созылды.

Бұл жеңістен кейін Рыбакина WTA рейтингінде алғаш рет екінші орынға көтеріледі. Live-рейтинг дерегі бойынша, оның еншісінде 7523 ұпай бар. Польша теннисшісі Ига Швёнтекте 7413 ұпай, ал рейтинг көшін Беларусь өкілі Арина Соболенко 10 415 ұпаймен бастап тұр.

Жартылай финалда Рыбакина украиналық теннисші Элина Свитолинамен кездеседі. Ол ширек финалда Ига Швёнтекті жарыс жолынан шығарған. Матч 14 наурыз күні өтеді.