Ақмола облысында теміржолға шығып кеткен бір үйір жылқыны жүк пойызы қағып кетті. Оқиға Ерейментау – Алтынтау бағытында болған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Көліктегі полицияның мәліметінше, жүк пойызының машинисі теміржол үстінде үй жануарларын байқап, шұғыл тежегішті басқан. Алайда соқтығысты болдырмау мүмкін болмаған.
Салдарынан пойыз 11 жылқыны қағып кеткен. Оқиғаға байланысты құрам жоспардан тыс 23 минутқа тоқтаған.
Көліктегі полиция департаменті жедел-іздестіру шаралары барысында бір шаруа қожалығында жұмыс істейтін 35 жастағы жылқышыны анықтады. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ведомствоның дерегінше, биыл жыл басынан бері Қазақстанда пойыздардың шұғыл тежегіш қолданған 234 жағдайы тіркелген. Оның 61-і теміржолда адамдардың жүруіне, ал 167-сі жануарлардың жолға шығып кетуіне байланысты болған.