АҚШ-тағы Diversity Visa Lottery немесе «грин карта» лотереясының ережелері өзгеруі мүмкін. Ел билігі алаяқтықпен күресу үшін өтініш берушілердің жеке деректерін қатаң тексеруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
АҚШ Мемлекеттік департаменті соңғы тексеріс кезінде лотереяға берілген өтініштердің арасында 2,5 миллион күмәнді анкета анықталғанын мәлімдеді. Осыған байланысты жаңа талаптар енгізу ұсынылған.
Жаңа ережеге сәйкес, өтініш берушілер шетелдік паспортты міндетті түрде көрсетуі мүмкін. Бұрын тек деректерді енгізу жеткілікті болса, енді паспорттың жеке мәліметтері мен қолы қойылған бетінің сканерленген көшірмесін тіркеу талап етіледі.
Сонымен қатар, өтінім беру кезінде символикалық төлем енгізу қарастырылып жатыр. Ұсыныс бойынша анкета толтырған кезде 1 доллар көлемінде алым алынуы мүмкін. Бұл көптеп бос анкета жіберетін адамдар санын азайтуға бағытталған.
Анкетаны толтыруға берілетін уақыт та өзгеруі ықтимал. Қазіргі 30 минуттың орнына қатысушыларға 90 минутқа дейін уақыт берілуі мүмкін. Бұл мәліметтерді мұқият тексеріп, қателіктердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Сауалнамадағы терминдер де жаңартылады. «Гендер» және «жас» ұғымдарының орнына «биологиялық жыныс» және «туған күні» деген нақты анықтамалар қолданылмақ.
Сонымен бірге консулдарға арналған нұсқаулықта тексеру талаптары күшейтіледі. Жаңа ережелерге сәйкес, құжаттардағы транслитерация немесе туған күндегі кез келген сәйкессіздік виза беруден бас тартуға себеп болуы мүмкін.
Билік өкілдерінің айтуынша, бұл шаралар бағдарламаның ашықтығын арттырып, адал қатысушылардың мүмкіндігін кеңейтеді. Қазіргі уақытта ұсынылған өзгерістер әлі күшіне енген жоқ.