homepage
Фото: ашық дереккөзден

Ауылдық округтер қосымша табыс таба алады

12.03.2026, 14:39

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат депутаттарының форумында биылдан бастап ауылдық округтерге қосымша табыс көздері берілетінін айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

«Биылдан бастап ауылдық округтер қосымша табыс көзіне ие болмақ. Атап айтқанда, кең таралған пайдалы қазбалар өндірісіне, жерасты сулары мен емдік балшықтарды пайдалануға салынатын салықты өздері жинап, қажетіне жаратады», – деді ол.

Президенттің айтуынша, былтыр ауылдық округтердің жалпы бюджеті 442 миллиард теңгеден асқан. Оның үштен бірі – елді мекендердің өз табысы. Ал бір ауылдық округтің орташа бюджеті шамамен 190 миллион теңге болған.

«Менің тапсырмама сәйкес қазір Үкімет заңды тұлғаларға және жеке кәсіпкерлерге салынатын мүлік салығының бір бөлігін төртінші деңгейдегі бюджеттерге беру мәселесін пысықтап жатыр. Сондай-ақ аймақтарға жекелеген қызмет түрімен айналысуға арналған лицензиялық алымнан, экологиялық айыппұлдардан түсетін қаражат та берілуі мүмкін», – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы жергілікті билік республикалық бюджеттен берілетін дотацияға ғана сүйенбей, табысты көбейту үшін белсенді жұмыс істеуі қажет екенін айтты.
 

Теги: