Петропавл қаласындағы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Анатолий Висельский ерекше жетістігімен Гиннестің рекордтар кітабына енді. Ол турникке екі саусағымен ғана 2 минут 7 секунд бойы ілініп тұрып, жаңа әлемдік рекорд орнатты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Осы нәтижемен ол италиялық спортшы Марчелло Ферридің 2 минут 1 секундтық көрсеткішін жаңартты.
«Мен бұл бағытта рекорд қойылатынын кездейсоқ білдім. Алғашқы әрекетімде әлемдік рекордтың нәтижесін қайталадым. Екі аптадан кейін рекордты жаңарттым. Қыркүйекте өтініш беріп едім, жарты жылдан соң сертификат алдым. Қазір ресми түрде Гиннестің рекордтар кітабына ендім», – дейді Анатолий Висельский.