Таразда тоғызыншы сынып оқушысын құрбылары ұрып-соққан. Бұл туралы оның анасы әлеуметтік желіде жарияланған видеода айтып берді. Бір топ жасөспірім қызын көшеде кастетпен (Ред. соққы күшін ұлғайту үшін саусаққа киілетін металл сақиналар) аяусыз ұрған соң қыз бала жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Дәлелдердің жеткілікті болғанынна қарамастан қызын таяққа шыққан жасөспірімдердің жазасыз қалғанынан ашынады ана.
«Жеті қыз оны кастетпен ұрып-соққан. Қызым екі күн жансақтау бөлімінде жатты. Жүре алмай, мүгедектер арбасымен қозғалды. Бейне дәлелдер бар болса да, күдіктілер бостандықта жүр», – дейді ол видеода.
Жамбыл облыстық полиция департаменті бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Ведомство мәліметінше, жанжалға қатысқандардың барлығы анықталып, полицияға жеткізілген.
«Оқушылардың ата-аналары кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу міндетін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар жасөспірімдердің әрекеті кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссияда қаралып, нәтижесінде олар профилактикалық есепке қойылды», – деп хабарлады полиция.
Қазір оқиға бойынша қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.