homepage
Фото: ChatGPT арқылы жасалды

Белдікті тақ, телефонды таста: жолдағы тәртіп қатаңдай түседі

12.03.2026, 10:45

Бүгіннен бастап қауіпсіздік белдігін тақпаған немесе көлік жүргізіп келе жатып телефон ұстаған жүргізушілер айыппұл төлеуі мүмкін. Енді бұл бұзушылықтарды жолдағы камералар автоматты түрде тіркейтін болады, деп хабарлайды Juzmedia.kz. 

 

Бұрын мұндай ережелердің бұзылуын тек жол-патрульдік полиция қызметкерлері ғана анықтайтын. Бұдан басқа, автоматты жүйе жүргізушінің құжаттарына байланысты бұзушылықтарды да анықтап отырады. Мысалы, техникалық байқаудың мерзімін өткізіп алған немесе сақтандыру полисі болмаған көлік иелерін автоматты түрде көрсетіп отырады. 

Сондай-ақ, енді жолда кептеліс тудырып немесе сыртқы жарық шамдарын дұрыс қолданбасаңыз да бұл жүйе арқылы ескерту алуыңыз мүмкін. 

Бұған дейін автоматты камералар тек алты түрлі заң бұзушылықты тіркеп келген болатын. Олар жылдамдықты асыру, бағдаршамның тыйым салатын сигналына өту, жол белгілері мен таңбаларының талаптарын бұзу, дұрыс емес тоқтау немесе көлікті қате тұраққа қою, басып озу мен жолда орналасу ережесін бұзу, жаяу жүргіншілерге жол бермеу.

Елімізде жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі жүргізушілердің кінәсінен болады. Мысалы, 2025 жылдан бері 9 мыңнан астам жол-көлік оқиғасының 8 мыңға жуығы дәл жүргізушілердің жауапсыздығынан болған. Жыл сайын Қазақстанның жолдарында 2,5 мың адам жантәсілім етеді.