homepage
Фото: ашық дереккөзден/көрнекі сурет

Ормуз бұғазында үш кеме шабуылға ұшырады

12.03.2026, 09:05

Парсы шығанағы мен Үнді мұхитын жалғайтын стратегиялық Ормуз бұғазында үш азаматтық кеме зымыран соққысына ұшырады. Шабуылдан кейін кемелердің бірінде өрт шыққан. Бұл туралы Deutsche Welle басылымы жазды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Таиланд әскери-теңіз күштерінің мәліметінше, зымыран тигеннен кейін өртенген кеме – Mayuree Naree атты тай құрғақ жүк кемесі. Оман әскери-теңіз күштері Біріккен Араб Әмірліктеріне бағыт алған кемеден 20 экипаж мүшесін эвакуациялаған. Тағы үш адам із-түзсіз жоғалып кеткен.

Шабуыл кезінде тағы екі кеме – Жапонияның One Majesty контейнер тасымалдаушысы және Маршалл аралдарының туын көтерген Star Gwyneth құрғақ жүк кемесі де соққыға ұшыраған.

Сонымен қатар Иран екі кемеге жасалған шабуыл үшін жауапкершілікті өз мойнына алды. Ислам революциясы сақшылар корпусының мәлімдеуінше, Либерия туымен жүрген әрі иесі израильдік Express Rome құрғақ жүк кемесі мен тайлық Mayuree Naree кемелері Иранның алдын ала ескертуін елемеген. Осыдан кейін оларды ирандық зымырандар «тоқтатып, істен шығарды».

Корпустың әскери-теңіз күштерінің қолбасшысы Алиреза Тангсири X желісінде жариялаған мәлімдемесінде Ормуз бұғазы арқылы кемелердің өтуі тек Иранның рұқсатымен мүмкін екенін айтты.