homepage
Фото: ашық дереккөзден

Министр: Таяу Шығыстағы қақтығыс бензин бағасына әсер етпейді

11.03.2026, 17:09

Таяу Шығыстағы қақтығысқа қарамастан, Қазақстанда бензин бағасы өзгермейді. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Министрдің айтуынша, қазіргі кезде әлемдік мұнай нарығы құбылмалы күйде тұр. Соңғы күндері мұнай бағасы айтарлықтай өзгерген. Бұған дейін бір баррель мұнайдың құны 119 долларға дейін көтерілсе, кейін шамамен 87 долларға дейін арзандаған.

Ерлан Ақкенженов мұндай өзгерістерге Таяу Шығыстағы жағдай әсер етіп отырғанын айтты. Оның сөзінше, Парсы шығанағындағы мұнай инфрақұрылымына жасалған шабуылдар нарықтағы ұсынысты азайтып, бағаның жоғары болуына ықпал етіп отыр.

«Қазір мұнай нарығы өте құбылмалы. Соңғы күндері баға айтарлықтай өзгерді. Бұған дейін барреліне 119 долларға дейін көтерілді, кейін шамамен 87 долларға дейін түсті. Менің ойымша, баға шамамен 80 доллар деңгейінде тұрақтануы мүмкін», – деді министр.

Сонымен қатар министр әлемдік мұнай бағасындағы өзгерістер Қазақстан ішіндегі бензин бағасына әсер етпейтінін атап өтті.